Ақыт шығармашылығындағы рухани фалсафалық ойлардың түйінделуі
Ақыт шығармашылығындағы рухани фалсафалық ойлардың түйінделуі

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушы,
PhD, Мұқан Нұрзат
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және
саясаттану факультеті, исламтану
мамандығының 2-курс магистранты
Жеңімпаз Ерлан
Қазақ халқының адамгершілік мүмкіндіктерінің көзі ұлттық мораль десек, оның таусылмас потенциалы болатын қазыналары ақындық өнердегі идеялар мен сындарлы көзқарастарда деп айтуға болады. Ақындық шығармашылықтан бақыт пен бақытсыздықтың, талап пен еріншектіктің, ақылдылық пен ашудың ара-салмағын өлшеу тәсілдерін көреміз. Бұл оң мен терістің, бұрыс пен дұрыстың, жаман мен жақсының ара-жігін ажырата білу үлгісі, оң мен солды тану үлгісі деп айтуға болады. ХҮІІІ ғасырдың орта шеңінен бастап Моңғолияда өмір сүріп келе жатқан қазақтардың рухани өмір мектебінде адамның өнегелілік, адамгершілік рухани мәдениетін дамыту туралы жан-жақты тәрбиелік ойлар мен идеялар кеңінен орын алады. Бұл туралы пікір айтқан, толғанған, жырлаған ақындар да жетерлік. Қазақтың рухани мәдениетінде ақындар шығармашылығы өзінің қоғамдық-тарихи өмірді шыншылдықпен бейнелеу тұрғысынан да, философиялық ой қозғау тұрғысынан да, сондай-ақ этикалық-эстетикалық құндылықтар жүйесінің молдығы тұрғысынан да, ерекше мән-мағынаға ие. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Қытай мен Моңғолияда өмір сүріп өзінің өнегелі өмірін ағарту, ғылым жолына сарп еткен белгілі ақын ағартушы Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Қытайда дүниеге келген. Ауыл молласынан, үлкен хазіреттерден оқып, діни сауатын ашады. 1902-1904 жылдары Бұхар қаласындағы «Мирараб» медресесін оқиды. 1908 жылы Меккеге барып тәуіп етіп еліне оралып, мекеніне және өзге іргелес мекендерге бірнеше мешіт салдырады. Ақытқажының халық арасында ауыздан ауызға тарап күні бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқан өлең-жырларын былай қойғанда, ақынның «Қисса-и- Ғабдумәлік» дастаны (1908), «Қисса-и-минахіб пиран Ғазиз ан» дастаны (1909), «Ахуал-қиямет» насихат толғауы (1908) қатарлы белгілі дастан хиссалары 1897 жылы Қазан қаласында Ақыттың Моңғолияда өмір сүріп тұрған тұсында жарық көрді. Ол өз шығармаларында қазақтың ойшыл ағартушылары Абай, Ыбырай, Шоқандар секілді ғылым, білім, өнерді, әдептілікті, адамгершілікті, салт- дәстүрлердің озық үлгілерін дәріптейді.
«Ақындар бізден бұрын өткен талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Солардан өткір тілді болмасам да,
Мен де аз сөз жазайын құрай-жамай»- деп ұлы Абайды пір тұтып, атамекенінен алыстаған ел жұртына Абайды танытып, туған халқын елдікке, береке-бірлікке шақырады. Ақытқажы Үлімжіұлының адамгершілік, дүние, заман, білім, ғылым әдептілік жайлы көптеген өлең, толғау, хиссаларымен қоса, өнегелік категорияларының жан-жақты принциптеріне келтірген біршама мысалдары бар. Олар: «Қыран мен қарға», «Піл мен қанден», «Өкпе тістеген ит», «Ақымақ патша» т.б. Бұл мысалдарда қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың әртүрлі адамгершілік, моральдық түр сипаты бейнеленеді. Ақыттың «Ақырзаман таянды» өсиет өлеңінде біріншіден, Алтайдың күнгей беті мен теріскей бетін жайлап жатқан керей руының «Осындайда қимылда, крен болмай тұрғанда» деп Қытай мен Моңғол шекара талабының күшею мүмкіндігін ескертеді және екіге бөлінбей бірігулерін насихаттап геосаяси нұсқау береді. Екіншіден, үлкендерді жоғалтып, жат орысқа бағынды» деп шүй найманды мысалға ала отырып, ондай күйді кешпес үшін бөтен елдің қоластында ұлттық мәдениетті берік ұстануды, «ислам, шариғатты қатаң ұстап, өзге салтқа ұрынбауды, балаларға оқып-тоқып білім алуды өсиет етеді. Сондай-ақ:
Алтай беттің қары бар,
Қобда беттің зәрі бар.
Қай жағында жүрсең де,
Сақтасын ием пәруәр.
Мұсылманға қуат бер,
Жасаған ием сәруәр – деп Алтай бетіндегі Қытай қазақтары мен Қобда бетіндегі Моңғол қазақтарына бата, тілегін айтады. Моңғолия қазақтарының рухани құндылықтарында мазмұны маңызды, тәлім-тәрбиелік мәні мол, тартымды тамаша туындылардың бірі діни дастандар. Ел ішіне кеңінен тараған діни дастандарға тән ортақ белгі бар. Ол басы ашық, анық көрініп тұрған мәселе. Яғни, діни дастандардың оқиғасының шығыс аңыздарының сюжетіне құрылғандығы. Оның бірден бір себебі ислам дінінде жатыр. Ақыт Үлімжіұлының діни дастандары батырлықты, ерлікті, ғашықтықты, махаббатты және ғибраттық өсиеттің барлығын қатар қамтыған. Мысалы, «Сейфүлмәлік», «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы», «Ғали мен Дариға» дастандарында батырлық пен ғашықтық суреттеледі. Ал, ғибраттық діни дастандарына «Мәликенің жүз жұмбағы», «Кесік қол келіншек», «Тозақтағы қатын» т.б. жатады. Ақытқажы өз халқын өркениетке шақыра отырып, бұзылған моральдық нормаларды қалпына келтіруге тырысады. Өзі өмір сүрген ортасындағы дәстүрлі әдептік нормалардың бұзыла бастағанын «Замана келді қырланып» деген толғауында баяндайды. Сонымен қатар, өз кезеңіндегі әділетсіздікке, надан ел билеушілерге қарсы шығып, оларды қатты сынға алады. Ақыт олардан болашақ жастарға өнегелік мәдениет қалыптастыратындай әділетті, өнегелі болуларын талап етті. Жалпы өнегелік құндылықтар адамгершілік сезімдерді дамытпайынша өмір сүрмейтіндігі туралы: «Әуелі адамшылықпен өмір сүр, Өнеге боларлықтай өзгелерге»- дейді. Өнегелі және өнегесіз жеке адамдардың бірнеше типтері туралы айтуға болады. Өнегеліктің дамып жетілмеуі моральдық кемістігі бар адамдарда кездеседі. Тіпті, оларда этикалық білімдер бар болғанымен ол білімдер сезімге ұласпаған. Мұндай типті адамдар қоғамдық қарым-қатынаста мейрімсіздікке оңай бой алдырады. Адамгершілік сезімдер әрқашанда туа бітпейді, олар әлеуметтік қоршаған орта арқылы тәрбие нәтижесінде ғана қалыптасады. Ақытқажы Үлімжіұлы «Азаматтың жеті сыны» атты өлеңінде өнегелік моральдық сезімдері жетілген және қалыптасып болмаған адамдарды жеті типке бөліп көрсетеді. Мұнда жігіттің ақылды, сабырлы, надан, ұстамсыз, екі жүзді мінезді типтерін көрсетумен қатар олардың ортаға деген қарым- қатынас түсінігін де аса шеберлікпен суреттейді. Моральдық өнегелік сезімдерді тәрбиелеуде өнердің, оның ішінде сөз өнерінің алатын орны ерекше. Ол көркемдік эстетикалық әсер ету арқылы жеткіншек ұрпақты адамгершілік қасиеттерге талпындырады. Мысалы, Ақыт Үлімжіұлының әсемдікті сүюге, асқақ адамгершілікті қастерлеуге үйрететін өлеңдері мен насихаттары адамды өзіне баурап, рухтандырып, жігерлендіріп, сүйіспеншілік, құштарлық сезімді оятады. Ақын өз шығармаларында өнегелікті адамдардың мінез-құлқы, қарым- қатынастары арқылы көрсетеді. Өнегелік мәдениет ғасырлар бойы адамдардың алуан түрлі қарым-қатынастарын бейнелейтін рухани құбылыстар. «Адамды түсінен танығанша, ісінен таны» деген қазақ халқымыздың мақал сөзі бар. Бұл халықтық ұстанымға сай Ақытқажы да өз шығармаларында әрбір этикалық категорияларды әуелі адамдардың іс-әрекетінен анықтайды. Ақытқажы шығармашылығында әлеуметтік жүйенің туыстық-қандастық құрылымындағы қауымның өзара жақындығы мен асыл-қымбаттылығын сезінуден туындайтын бір-біріне деген әлеуметтік септігі мен оң ықпалын, салдарын ерекше рухани құндылықтар ретінде қарастырған. Ақыт қажы өз қоғамының бұл жүйедегі әлеуметтік қатынастарға талдау жасай отырып, ондағы кемшіліктер мен олқылықтарды мойындап қана қоймай, оларды сынап-мінеген. Сондай-ақ бұл жөнінде:
«Жақсыны тіріде аңдып, алакөз боп,
Өлсе өкіріп, жақынын сонда білген.
Жақыннан бір данышпан адам шықса,
Ғайбат айтып сыртынан иттей үрген»- дейді. Моңғолия қазақтарының қоғамдық өміріндегі руханилықтың бір көрінісі ретінде әлеуметті бірлікке тоғыстырушы механизмнің бірі- жарық дүниеге, адамзат өміріне деген ерекше танымы деп айтуға болады. Ақыт ақын бұл орайда нәпсі ұғымын тиек ете отырып, бұл дүниенің жалғандығы туралы былай айтады:
...Екі лағың құралып бітсе дәулет,
Көзіңе бітіреді халдан дүние.
Нәпсінің жеті басы көтерілсе,
Тәніңді қалдырмайды ардан дүние.
Алақ-жұлақ еткізіп алдап жүріп,
Бір күні ұшырады жардан дүние. Қазақ халқы адамгершілік нормалардың бірі ретінде жалпыға ортақ норма үлкенді сыйлау ғұрпын қалыптастырған. Үлкенді сыйлау бірнеше мыңдаған жылдар бойы қоғамның маңызды әлеуметтік мүдделерін шешу үшін жасаған жалпыға ортақ нормасы. Ақыт шығармашылығында қазақтың дәстүрлі қоғамындағы үлкенді сыйлау – кіші үшін әрі міндет, әрі парыз екені өте үлкен моральдық ұстаным, ерекше рухани феномен ретінде көрсетіледі. Ақын шығармашылығында бұл ұстанымдардың бұзылған тұстары сынға алынып отырған. Мысал келтірсек, бұл жайлы
Қазақтан қуат, хал кетті,
Сіз, біз десіп жүретін
Береке-бірлік заң кетті.
Үлкенді кіші сыйламай,
Жастарынан ар кетті – дегені бар. Ақыт Үлімжіұлының абақтыда азап тартып жатып, бұл фәниден өтерінде артта қалған халқына қара сөзбен ақтық төрт өсиетін жолдайды. Бұл ақтық төрт өсиетте қазақтың бөтен елде өмір сүріп жатқан диаспоралық күй кешуіндегі ең қажетті негізгі рухани құндылықтарды көрсете отырып рухани кемелдікке шақырады.
Бірінші өсиетінде ел ішіне бақ орнауы үшін, қас-дұшпандар келеке қылмас үшін ел-жұртым береке мен әділеттілікті еш бұзбасын дейді. Әділдік дегеніміз – тек қана шындыққа сай келетін, нағыз адамгершілікті қорғау үшін фактілерді ояту хақындағы парасат, ар-ождан талабы.
Екінші өсиетінде ешкімді әсіресе көршілерін ренжітпей көңілін тапсын дейді. «Көршің жақсы болса - тынысың»немесе «Жақсы көрші тапқаның – көп олжаға батқаның»демей ме қазақ. Жақсы көршінің жағдайға жанасуы мен өмірдің рухани тынысына айналуының астарында адамзат ғұмырының бар қызығы мен шыжығы дәл сол көршілердің әдепті-ибалығына, кісілігіне, адамгершілік болмысына, тәлім-тәрбиесі мен рухани-мәдени өресіне байланысты болатын әлеуметтік қарым-қатынас шындығы жатыр деп есептеуге болады. Бұл өсиетте көршінің де тілек, мұң-мұқтажын ескеруді, қуанышына қуанып, қайғысына адал ниетпен ортақтасуды талап ететін мұсылмандық қалыпты білдірумен қатар көршілердің бір-бірінен тәлім алатыны, көршіден өнегелік ықпал болатыны және оны бағалап, қадыр тұтуы туралы идеялар жатыр.
Үшінші өсиетінде ашудан, күнәдан аулақ қашсын дейді.
Төртінші өсиетінде дүниенің жалған екендігін, өмірде қасіретке құлаудың, қуанышқа шаттанудың бәрі алдау екенін айта келе жүрек түбіне үңіліп, хақиқат ақылға таңдау беруін айтады. Егер ғылым мақсаты алуан түрлі өмірді, реальдық шындықты түсіну, олардың ішкі байланыстылығы мен заңдылықтарын ашу болса, ал өнегелік сол дүниеге бізді қоршаған алуан түрлі процестерге қалайша қатынас жасау керек, өзгелерге қалайша ізгілікті үлгі көрсету керек деген мәселелермен шұғылданады. Ол амал жоқтықтан немесе сыртқы күштің салдарынан тумай, өз еркімен, бостандығымен, сана-сезімімен ғана іске асса өнегелікке жатады. Моңғолия қазақ ақындары шығармаларында рухани өнегелік құндылық түптеп келгенде оқу, білім, ізденіс арқылы адам бойына қалыптасады дейді. Адамгершілік пен білім мәселесі тіпті ертедегі гректердің этикалық системаларында әртүрлі дәрежеде шешімін тапқан. Мысалы, Сократ «білім мен адамгершілікті пара пар деп қарап, адамгершілік тек білімге тәуелді деген ойды дамытты. Сөйтіп Сократ адамгершілік ақылды адамдардың бойына біткен қасиет»-деп тұжырымдайды. Сократтың осы тұжырымдамасы Ақытқажы Үлімжіұлының: «Білімсізден ит артық Білімдіден кім артық» - дей келе: «Адамшылықты табарсың, Ақылды адам бойынан»- деген ойымен келіп үндеседі. Жалпы алғанда, Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармашылығы адамгершілік, өнегелік идеяларға толы. Ақынның айтар моральдық принциптері, категориялары оның шығармасындағы адамдардың өзара қатынастарында, қызметінде және қаһармандардың мінез-құлқында көрініс тауып жатады

Erlan ZhengimpazErlan Zhengimpaz
5 лет назад 2627
1 комментарий
О блоге